Алтай Көлгіновтің кезінде Астана бюджетіне орасан зор шығын келтірілген
АСТАНА. 9 маусым. Прокуратура Алтай Көлгіновтің басшылығы кезеңінде Астана қаласында жүздеген қаржылық тәртіп бұзушылықтар орын алып, бюджетке миллиардтаған теңге шығын келтірілгенін анықтады. Бұл туралы Козачковтың телеграм-каналы дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Қадағалау органы үстіміздегі жылдың сәуір айында Астана әкімдігінің жер телімдерін беруге және құрылыс салуға жауапты бөлімшелерін тексеруді аяқтады», – деп жазады журналист Михаил Козачков өзінің каналында.
Тексеруде сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы, жер ресурстарын басқару департаменті, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК және «Астана» әлеметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қамтылды.
«Аудиторларды қаланы Алтай Көлгінов басқарған, яғни 2019-2022 жылдар аралығындағы кезең қызықтырды. Тексеру нәтижесі елордада көптеген тәртіп бұзушылықтардың орын алғанын, қала бюджетіне миллиардтаған теңге шығын келтірілгенін көрсетті», – деп атап өтті Михаил Козачков.
Прокуратура Алтай Көлгінов жұмыс істеген кезеңде ондаған мектеп, аурухана және балабақша салудың егжей-тегжейлі жоспар жобаларындағы учаскелерге 61 мәрте түзету енгізілгенін тапқан. Соның салдарынан бұл жерлерде жоғарыда аталған нысандар орнында тұрғын үйлер мен элиталық жылжымайтын мүліктер пайда болған. Мұның айқын мысалдары өте көп. Айталық, 2020 жылғы ақпанда «SAT GroupProject» ТОО елорда әкімдігінен 900 орындық мектеп тұрғызылуға тиісті учаскенің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын өзгертіп беруді өтінеді. Ал шенеуніктер ешбір шімірікпей, құжатты биіктіктері 12, 16 және 18 қабатты тұрғын үйлер құрылысын салу үшін өзгертіп бере салады. Ол үйлер және тиесілі ара-қашықтықтарын сақтамай, біріне-бірі жабысып тұрғызылады.
Тағы бір деректе «Samalcenterinvеst» ЖШС өкілдері Көлгіновтің қарауындағы шенеуніктерді қаланың бас жоспарында көрсетілген мектептің Есіл ауданына керегі жоқ екеніне, оның орнына коттедждер қалашығының аса қат болып тұрғанына оп-оңай «көндіре» қоятыны айтылады.
Ал бұл кезде Астана мектептеріндегі орындардың жетіспеушілігі қатты байқалып тұр еді. Сондықтан қала әкімдігі жыл сайын жеке меншік иелерінен жаңа оқу орындарының құрылысы үшін жер телімдерін сатып алып тұрды. Елорда шенеуніктері 2015 жылдан бастап осы мақсат, яғни жұрттан жер учаскелерін сатып алу үшін бюджеттің 4,6 миллиард теңге қаражатын шашып келген болып шықты.
Прокурорлар анықтағандай, қала шенеуніктері мұндай өзгертулерге айрықша құштар болып шықты. Тексеру барысында, мысалы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында мектеп салу көзделген 5 гектарға жуық жер телімі табылған. Бірақ әкімдік шенеуніктері оның құжаттамасын қайта жасап, учаскені «Bazis-A Corp» деген серіктестікке тұрғын үй кешенін тұрғызу үшін бере салады. Кейінірек учаске «Ақ Дидар-2» ЖШС иелігіне өтеді. Ең «қызығы», әкімдік тап сол жерді 2022 жылы қайтадан сатып алып, мектеп салдырады…
Алтай Көлгінов кеше, 8 маусым күні Президент жарлығымен Премьер-министрдің орынбасары лауазымынан босатылды. Алайда мәтін құрамында «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» деген анықтама болған жоқ.
Көлгінов аталмыш қызметті жарты жылдай уақыт қана атқарды, ал соның алдында, 2019 жылғы маусымнан 2022 жылғы желтоқсанға дейін Астана қаласының әкімі болып қызмет атқарған еді.