Жастарды вальс билегендері үшін сынаған бас имам қызметінен алынды
ТАШКЕНТ. 16 мамыр. Сыртқа кеткен еңбек мигранттары мен оқушы қыздардың билегендерін сынға алған Ферғана облысы Ташлақ ауданының бас имамы қызметінен аластатылды. Бұл туралы Gazeta.uz порталы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өзбекстан мұсылмандары басқармасының комиссиясы жұртқа «Шукурулло домла» атымен мәшһүр болған Шукурулло Эгамбердиевті Ташлак ауданының бас имамы лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады. Бұдан бір күн бұрын оның шетелдерде жұмыс істеп, нәпаха тауып жүрген мигранттарды, сондай-ақ мектеп бітіру кешінде вальс билеген оқушы қыздарды сынап отырғаны бейнеленген видеоролигі тарап кеткен еді.
«Ферғана облысы Ташлақ ауданының Шукурулло домла атымен белгілі бас имамы, «Әбу Ханифа» мешітінің имам-хатибі ауданның бас имамы лауазымынан босатылды», – деп хабарлады Өзбекстан мұсылмандары басқармасының (ӨМБ) баспасөз қызметі.
Басқарманың ішкі бақылау комиссиясы қоғам наразылығын туғызған сөз сөйлеп, пікір білдірген имам-хатибтің әрекеті «имам мәртебесіне сәйкес келмейді» деген ұйғарым жасады.
«Шукрулло Эгамбердиев көпшіліктің кең талқысына түсіп кеткен сөздерінде қателіктер бар екенін мойындап, жұрттан кешірім сұрады. Имам-хатиб өзінің бұдан кейінгі қызметінде мұндай кемшіліктерге жол бермейтінін айтты. Екінші жағынан біз әрекетіне құқықтық тұрғыда баға беріліп, тиісті шара қолданылған имам-хатибті бұдан әрі қысымға ала беруден аулақ болуды көпшіліктен сұраймыз», – делінген хабарламада.
Бұдан бірер күн алдын тарап кеткен видеода Шукрулло Эгамбердиев шетелдерде жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының, яғни өзбек гастербайтерлерінің тірліктеріне келіспейтінін білдірген.
«Иш йўқ, иш йўқ, дейди. Каллани ишлатиш керак. Ҳозир шу ерда кўча супур деса, супурмайди, Россияда супуради. Шу ерда мол тагини торт деса, тортмайди, у ерда чўчқанинг тагини тозалайди. Шу ерда молнинг тагини торт. Миллатингникини торт. Ўқимасанг, қул бўласан. Агар шу кетишда бўлса, болалар илм-фанга эътибор қаратмаса, қул бўлиб юраверамиз. Яна чиқволиб, ўзича билимдонлик қилади. Аллоҳ фазли нималигини интернетда гапираётган ҳаммасидан зўр биламан. Қуръоннинг фазилати нима, ҳадиснинг фазилати нима – ҳаммасини яхши биламан. Шунинг учун ўқиганман мадрасада», – деген екен Шукрулло дамулла.
Сөйтіп, жерлестерінің елде жұмыс жоқ деп шағымданып алып, Ресейге барып, көше сыпырып жүргендеріне наразы болады, бұл жерде соны жасағылары келмейтінін, бұл жақта мал бақпайтын олардың ана жақта шошқаның астын да тазалай беретінін айтады.
Жұрттың назарын айрықша аударған келесі видеороликте мектеп бітіру кешінде бозбалалармен вальс билеп жүрген қыздарға тиіседі.
«Міне, қараңыздар, түлектер кешінде не болып жатқанын. Бітіру кеші болса, бәрін жасай беруге бола ма? Сіздер неге мектеп бітірушілерді демалатын орынға жібересіздер? Кейбір жерлерде оларға вальс билеуге рұқсат етіледі. Мұғалімдер қайда қарап отыр? Сіздер қалай ойлайсыздар, мектеп бітіру кешінде сыныптасымен билеп жүрген 11-сыныптың қызының күні ертең не болады? Оны интернетте көрген жігіт… Оны сосын кім әйел етіп алады? Бәрін жан-жақты ойлайтын адам бұл қызды [әйелдікке] алмайды… Ол өзінің осы әрекетіне ұялмай ма? Ол өзінің күйеуіне адал бола ала ма?» – деп біраз таусылыпты имам жарықтық.