Украина бұдан былай ешқашан 9 мамырда «Жеңіс күнін» тойламайды
КИЕВ. 9 мамыр. Украина президенті Володимир Зеленьский кеше елде 9 мамырдың ешқашан Жеңіс күні ретінде тойланбайтынын айғақтаған жарлыққа қол қойды. Бұл туралы украин пабликтері деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украинада 9 мамырды Жеңіс күні ретінде мерекелейтін кеңестік дәстүр келмеске кетті. Украина жұртшылығы өз мемлекеттеріне қарсы басқыншылық соғыс ашқан террорлық елмен бірге бұл күнді тойлаудан біржола бас тартты. Олар мұның орнына еуропалық стандардтқа көшкелі отыр.
Енді Украина халқы 9 мамырды Еуропа күні ретінде атап өтетін болады, ал 8 мамыр бұл ел үшін Екінші дүниежүзілік соғыстағы нацизмді жеңу мен еске алу күні болып табылады.
Украина президенті Володимир Зеленьский атап өткендей, мерекелерге қатысты мұндай өзгерістер Еуропа халықтарымен бірлікті нығайту мақсатында, сондай-ақ елдің демократия идеалдары мен құндылықтарына берілгендігінің куәсі ретінде жасалып жатыр.
Атап өту керек, КСРО-да бұған қатысты тарих әбден бұрмаланған еді. 1939 жылы Гитлер бастап, Сталин қоштаған Екінші дүниежүзілік соғыс кеңестік оқулықтарда шынайы қалпында атап көрсетілген жоқ. Сөйтіп, фашистік Германиямен ауыз жаласқан Кеңес Одағы онымен жарысып, Польшаның шығыс бөлігін тартып алды, Финляндияның да шығысындағы біраз жерін Хельсинкимен бітім келісімі нәтижесінде өзіне қаратып қойды. Бұлардың бәрі сол қалпында кейін қайтарылған жоқ. Кремль мұнымен де тоқтамады: 1940 жылы Молдавия, Латвия, Литва, Эстония жерлеріне де басып кірді. Кейін Мәскеу насихатшылары КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғысты бастаушы екі елдің бірі болғанын біржола ығыстырып тастап, соғыс құдды бір 1941 жылғы 22 маусымда ғана басталғандай, «Ұлы Отан соғысы» деген терминді тауып алды. Шын мәнінде Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйекте басталып кеткен еді. Ол бізде айтылып жүргендей, 1945 жылғы 9 мамырда емес, сол жылғы 2 қыркүйекте аяқталды.
Тағы бір атап өтетін жайт, Германия өзінің жеңілгенін мойындап, капитуляция жасау жөніндегі актісіне 9 мамырда емес, 8 мамырда қол қойды. Бұл жағынан келгенде де, тарихи дәлдік сақталмаған. Украина сондықтан нацизмнің жеңілген күні ретінде 8 мамырда есепке алып отыр. Әлемнің бұрынғы КСРО мен қазіргі Ресейден басқа елдерінен басқа, өркениетті әлем түгел нацизмді жеңудің күні ретінде 8 мамырды белгілеп алған. Адекватты елдердің бәрінің осы датаға көшетін уақыты болды.