Бразилияда Пеленің атын «асқан» деген сөздің синонимі ету ұсынылды
БРАЗИЛИА. 25 сәуір. Бразилияда аты аңызға айналған футболшы Пеленің атын «таңдаулы», «аса», «асқан» сөздеріне синоним етіп қабылдау жөнінде жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы шетел ақпарат құралдарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Шын мәнінде атақты футбол жұлдызының құжаттағы аты-жөні Эдсон Аринтус ду Насименту еді. Бірақ футболды жаңа бастап жүрген кезінде оған «Пеле» деген лақап ат таңылады. Бразилияда бұл кеңінен тараған үрдіс болатын.
Пеле 1958 жылы Швецияда өткен әлем чемпионатында 17 жасында осы атымен бүкіл әлемге танылды. Ол бұдан кейін де екі рет (1958, 1970) әлем чемпионы атанды. Жаһанда мұндай биікке көтерілген басқа бірде-бір футболшы жоқ.
Футбол мамандары енді «пеле» атауын «таңдаулы», «асырмалы», «ғажайып», «ғаламат», «керемет», «асқан», «аса», «ерекше», «айрықша» деген ұғымдардың тағы бір баламасы еткілері келеді.
«Бразилияда футболшы Пеле марқұмның атын португал тілінің сөздігіне енгізу ұсынылып отыр», – деп жазады EFE.
Ұсынысты Пеле қоры атақты бразилиялықтың есімін мәңгі қалдыру үшін берген көрінеді.
«Бүкіл жер-жаһан барлық уақыттардың ұлы футболшысы болған бразилиялықты зор құрмет тұтады. Енді Пеленің атын сөзден сөздікке көшіріп, мәңгілікке ел аузында қалдырудың кезегі келіп тұр», – деп атап өтті қордағылар.
Науқан Пеле Бразилияда өмір бойы ойнаған жалғыз клуб – «Сантостың» қолдау көрсетуімен жүріп жатыр.
Әлемнің бірден-бір үш дүркін чемпионы Пеле 2022 жылғы 29 желтоқсанда 83 жасында өмірден өтті. Оның өліміне тоқ ішектегі обыр себепкер болды.