Украинаның қарсы шабуылға шығатын уақыты жақындап қалды
КИЕВ. 15 сәуір. Украина Қарулы күштерінің РФ басқыншы армиясына қарсы жаппай шабуылды бастайтын мерзімі онша қашық емес. Бұл туралы шетел ресурстарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қазіргі кездері Украина әскерлерінің ресейлік радиолокациялық күрес және радиоэлектронды күрес жүйелеріне мақсаттты түрде соққы беріп, жаппай жойып жіберіп жатқаны осыны аңғартады.
Мұны Telegram-дағы өз блогында Molfar OSINT-тың әскери шолушысы жазды. Ол украин әскерлерінің соңғы күндері Ресейдің жалпы құны 1 млрд доллардан асатын радиоэлектронды күрес жүйелерін жоюының 133 фактісі орын алғанын атап өтті. Соңғы күндері бұл бағыттағы жұмысты тіпті күшейтіп жіберген.
Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Қарулы күштердің қарсы шабуылы басталатын шаққа өте жақын қалғанын мәлімдеді.
«Біздің қарсы шабуыл жөніндегі жоспарымызға ештеңе кері әсер ете алмайды және ешкім өзгерте алмайды. Біздің мақсатымыз – жеңіс, біздің мақсатымыз – украинның 1991 жылғы шекарасы шеңберіндегі территориясын жаудан босату. Біз қарсы шабуылдың жақын арада басталатынына сенімдіміз», – деді ол.