АҚШ Киевтің өз жерлерін қайтаруы үшін Украинаға көмекті күшейтеді
ВАШИНГТОН. 28 наурыз. АҚШ Киевтің басқыншылар қол астында қалып тұрған жерлерін қайтарып ала алуы үшін Украина жөніндегі стратегияны қатайтады. Бұл туралы шетел баспасөзіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Америка әкімшілігіндегі жоғары лауазымды өкілдің сөздеріне сілтеме жасаған Британияның Times газеті АҚШ-тың енді Украинаға қатысты стратегиясын өзгертіп, көмек беруді қатты күшейткелі жатқанын атап өтті.
«Біз Украина жеңіске жетіп, өзінің бүкіл территориясын қалпына келтіріп алғанын қалаймыз. Мақсатымыз егемендігі мен тәуелсіздігін сақтап қалуын қамтамасыз ету, ал бұл оның барлық жерлерін қайтарып алуымен тікелей байланысты», – деді ол.
Бұған дейін Ақ үйдің мақсаты Ресейді жеңіліске ұшырату емес, Украинаны дипломатиялық келіссөздер басталғанға дейін күшті әскери позициядан қорғай тұру болатын. Сол кезде конгрессмен Сет Мултон Вашингтонның «Ресейдің күйрей жеңіліске ұшырауын қаламайтынын», себебі, мұның әлемдегі тепе-теңдік пен тұрақтылықтың іргесін сөгіп жіберетінін мәлімдеген еді. Алайда майдан даласында қазір орын алып жатқан оқиғалар мен Ресейдің бейбіт тұрғындарға шабуыл жасауды тоқтатпауы АҚШ-ты өз стратегиясын өзгертуге мәжбүр етті. «Біз украин халқына беріліп жатқан жаңа сұмдық соққыларды күнде көріп отырмыз, ал Ресей келіссөз жүргізуге ешқандай ынта танытпайды. Сондықтан біздің ендігі позициямыз Украинаның тәуелсіз, демократиялы ел ретінде аман қалуына мүмкін болатын барлық жағдайды жасауға саяды», – деп атап өтті конгрессмен.
Украина президенті Володимир Зеленьский Ресей армиясы елдің 1991 жылғы шекарасы шеңберінен шығып кеткеннен кейін ғана соғысты аяқталды деп есептеуге болатынын талай мәрте мәлімдеді. Ресеймен келіссөз де тек сондай жағдайда ғана жасалады.
Өз кезегінде Путин Украинада өздері басып алған төрт облысты Украина мойындаған кезде ғана келіссөз орындығына отыратынын айтты.