Футбол. Сенсация! Қазақстан құрамасы Данияны 3:2 етіп ұтты!
АСТАНА. 26 наурыз. Футболдан Қазақстан құрамасы бүгін Еуропа-2024 чемпионаты іріктеу турнирінің 2-турында Данияны қабылдап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Іріктеу турнирінің H тобындағы бұл кездесу «Астана-Арена» спорт кешенінде болып өтті.
Матчтың бірінші таймы қонақтардың айқын басымдығын білдірді. Дат елі құрамасы сапындағы 20 жастағы жарық жұлдыз Расмус Хойлунд 21-минуттта қақпашы Игорь Шацкиймен жеке-дара шыққанын тиімді пайдаланып, допты одан асырып тастай салды. Гол!
Арада 11 минут өткеннен кейін, яғни 36-минутта итальянның «Аталанта» командасының форварды екінші рет мергендігімен көзге түсіп, дубль жасап үлгерді. Бұл жолы да Расмус қақпа алдына келіп қалған сәтін оңтайлы пайдаланып кетті.
Ал екінші таймда қазақстандықтарға ойынның беталысын өзгертіп жіберудің орайы келді. Осы аралықта олар көбірек шабуылға шыға бастады. Сондай жойқын шабуылдардың бірінде меймандардың қорғаушысы өз алаңында допты қолымен қайтарды. Осыған байланысты 73-минутта белгіленген пенальтиді шабуылшы Бахтияр Зайнутдинов дәл ұрып түсірді. Сөйтіп, бір доптың қарымтасы қайтарды.
Келесі голды жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген 86-минутта алаң ортасы тұсынан, алыстан ұрып, қақпаның оң жақ бұрышына гүмп еткізді. Керемет соққы! Есеп – 2:2!
Бұдан кейін үлкен жігер алып, зор серпіліске түскен біздің ойыншылар алға ұмтылумен болды. Соның бір сәтінде, 89-минутта шабуылшы Абат Айымбетов сол қапталдан берілген допты басымен ұрып, дарбазаның тағы да оң жақ мүйісін солқ еткізді.
Осылайша басында 0:2 есебімен ұтылып жатқан командамыз матч соңына қарай жеңісті қарсыластарынан тартып алды – 3:2!
Жеңіске деген жігер сол жеңіске жеткізді.
Құтты болсын, құрметті жанкүйерлер!
Еске сала кетейік, 1-турда Қазақстан құрамасы өз алаңында Словениядан 1:2 болып ұтылса, Дания өз алаңында Финляндияны 3:1 етіп сүріндірген болатын.