Тбилисиде «иноагенттер» жөніндегі заңға қарсы жұрт көтеріліске шықты
ТБИЛИСИ. 8 наурыз. Кеше Грузия парламентінде бірінші оқылымнан кейін қабылданған «иноагенттер» хақындағы заңға наразы халық көтерілісті бастап кетті. Бұл туралы шетел бұқаралық ақпарат құралдары мәліметтеріне жүгінген rast.kz хабарлайды.
Әңгіме Ресейде жақында қабылдаған «иноагенттер», яғни «шетелдік тыңшылар» жөніндегі заңның іс жүзіндегі қолма-қол көшірмесі болып шыққан «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң турасында болып отыр.
«Әуелгіде парламент бейсенбі күні заң жобасының екі нұсқасын талқылайды деген болжам тарады. Бірақ билеуші партия мәселені кейінге қалдырмауды ұсынды, нәтижесінде екі варианттың бірі бірінші оқылымда-ақ қабылданып кетті. Ал екінші вариантты талқылау 9 наурызға қалдырылды», – деп атап өтті осы ретте «Новости-Грузия» жаңалықтар агенттігі.
Дауыс беру парламент ішіндегі оппозициялық депутаттардың наразылығы сипатында жүрді, бұл кезде сыртта оларды қолдаушылардың саны біртіндеп күрт арта түсті.
Жаңа заң бойынша шетелдерден қаржы алып тұратын барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдар «иноагенттерге» жатқызылды. Бұл үшін заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдары табыстарының 20 пайызын сырт елдерден алатын болса, жетіп жатыр. Бірақ бұл мизам Грузия көптен бері өтуге тілек білдіріп жүрген Еуропа одағының талаптарына мүлдем сай келмейтін еді.
Құжаттың талқылану барысы қоғамда бірден үлкен қозғау туғызып әкетті, тіпті оның барысында депутаттар бір-бірімен жаға ұстасып, жұдырық сілтесіп, төбелесуге дейін барды. Қорытындыда 76 депутат заң жобасын қолдаса, 13 парламентарий қарсы шықты.
Жалпы, Тбилиси көшелеріндегі қарсылық акциялары өткен аптаның ішінде басталып кеткен еді. Алайда оның көптеген адамдарды қамтыған шарықтау шегі 7 наурыз күні түнге қарай көрініс берді. Парламент алаңына жиналған халықтың саны кеше 10 мың адамға жетті.
Мұның арты көп ұзамай наразы жұрт пен полицияның қақтығысына ұластыі. Ішкі істер қызметкерлері шерушілерді алаңнан ығыстырып шығаруға әрекет етті. Күштік құрылымдар дегендері болмағасын, оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Сөйтіп, бейбіт шеру қақтығысқа айналып кеті.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили ханым, АҚШ пен Еуропа одағының елшілері депутаттардан екінші оқылымда қолдамауды сұрап, демократияға тұсау салатын құжатты айыптады.
Президент бірден өзінің наразылық қозғалысына қатысушыларды қолдайтынын білдірді. Ол тіпті заң мақұлданып кеткен күннің өзінде оны президенттік ветомен тоқтататынын мәлімдеді. Бұл күндері өзі АҚШ-та ресми сапармен жүрген Саломе Зурабишвили Тбилисидің Руставели даңғылында тұрған халыққа видеоүндеу арнады. Үндеуін, әрине, картвель (грузин) тілінде жасады.
Саяси сарапшылар бұл күнді «Грузия демократиясының қаралы күні» деп бағалады.
Бұдан бұрын Британияның бұқаралық ақпарат құралдарында Грузияның Ресеймен жақындасу тенденциясы бар екені байқалатынын бірнеше рет жазып еді.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.