Путин Украинадан соң 5 елді басып алмақ болған. Ішінде Қазақстан да бар
МӘСКЕУ. 4 наурыз. Ресей саясаттанушысы Валерий Соловей президент Владимир Путиннің былтыр Украинадан кейін басып алуды көздеген тағы 5 елінің аттарын атады. Бұл туралы «Диалог.ua» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бәрі Украинаға келгенде, тұмсықтары тасқа тиіп, қирады да қалды. Әйтпегенде, РФ диктаторы Украинаға сұрапыл соғысты бастай отырып, одан бөлек тағы бес елді оккупациялап алуды межелеген болатын. Алайда, украиндар Кремльдің Ресей империясын қалпына келтіру жөніндегі бұл жойдасыз жоспарының быт-шытын шығарды», – деп тұжырымдады Валерий Соловей.
Ол мұның жайын «Ходорковский LIVE» телеарнасына берген сұхбатында кеңінен ашып айтты.
Саясаттанушы айтып отырған бес елдің тура ортасында Қазақстан да бар.
Ол диктатордың ойында Украинадан бөлек тағы кемінде бес посткеңестік ел тұрғанына сенімді екенін білдірді. Бірақ украиндар қайтпас қайсар қаһармандар болып шығып, оның аузын күншығысқа қаратып жіберді. Сөйтіп, империяны қайта жаңғырту жөніндегі идеяға бірден крест қойып берді.
«Путиннің «Ресей шекарасы еш жерде аяқталмайды» деген сөз тіркесі естеріңізде бар ма? Оның бұл жоспарына Украинаға толық бақылау жасап, саяси интеграциясын іс жүзінде өзіне қарату, сол сияқты, әлбетте, Беларусь, Молдова, Қазақстан, Грузия, Армения сияқты елдердің тәуелсіздіктерін формалды етіп қою кірді. Бұдан әрі солтүстік-батыс жаққа, яғни Балтық теңізіне қарай жылжу жоспарда тұрды. Кремльде бұл тақырып та алдын ала талқыланды. Алайда бәрі Украинада тас-талқан болып тынды. Мұндай қаншама идеяны өбектеп шығарып, илеп дайындай беруге болады, бірақ Украина Ресей империясын қайта қалпына келтірудің ешқандай да ресурстық базасы… жоқ екенін көрсетіп берді. Енді тап қазір ғана Ресей тарихындағы империя парақтарының мәңгіге жабылғаны жайында батыл айта беруге болады», – деді Соловей.
Ол Ресейде байырға империяны қайта қалпына келтірудің алғашқы үміті 2014 жылы украинның Қырымы мен Дон өңіріндегі екі облыстың бір жартысын басып алғаннан кейін оянғанын баяндады. Алайда, сол жеңіл жеңіс Ресей үшін кейін нағыз апат болып жабысты. Осылайша Ресей империясын жаңа заман сипаты мен мазмұнында жаңғырту арманына жуан нүкте қойылды.
Шын мәнінде Украина қалған республикаларды агрессияшыл шовинистік Ресейдің басқыншылығы мен қырғынынан аман алып қалып отыр.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады