Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Орыс еріктілер корпусының сарбаздары Ресей жеріне шабуыл жасады

БРЯНСК. 2 наурыз. Украина Қарулы күштері сапында соғысып жүрген Орыс еріктілер корпусының сарбаздары Ресейдің Брянск облысына шабуыл жасады. Бұл туралы «Коммерсантъ» газетіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

«УҚК жағында соғысып жүрген Орыс еріктілер корпусы Брянск облысының Любечане селосына жасалған шабуылдың жауапкершілігін өз мойнына алды. Қылмыскерлер шекара бойындағы елді мекенді бірнеше сағат басып алып тұрды, бір машинаны оқтың астына алып, жүргізушіні өлтірді, бір баланы жарақаттады. Сосын фельдшерлік бекет алдында видеоүндеу жасап, суретке түсті де, оқиға орнынан кетіп қалды. Президент Владимир Путин болған жайтты «теракт» деп атады», – деп жазды басылым.

2 наурыз күні таңертең Украинаның Чернигов облысының шекарасында орналасқан Брянск облысының бірнеше елді мекеніне украинның UJ-22 Airborne екпінді дрондары шабуыл жасады. Жарылыстардан кейін кемінде екі жеке үйде өрт басталды, электр жарығы мен байланыс желілеріне залал келтірілді. Әзірге Төтенше жағдайлар, полиция қызметкерлері және тергеушілер оқиға болған жерде жұмыс жасап жатыр.

Айтуларынша, Любечане селосына ақ желеңдер киген, бақайшағына дейін қаруланған кісілер басып кірген. Олардың жеңдеріндегі сары жолақтар украин әскери құрылымдарына қатыстары бар екендерін білдіретін сияқты. Сарбаздар жергілікті әкімшілік үйін, пошта мен фельдшерлік бекетті басып алып, Любечанеден шығатын жолды жауып тастаған. Содан кейін балаларды мектепке алып баратын машинаны автоматтан атқылаған. Нәтижесінде айдаушы қаза тауып, он жасар бала жарақат алып қалған.

Кейінірек облыс губернаторы Александр Богомаз өзінің Telegram-каналында қаза тапқан адамдар саны екеуге жеткенін хабарлады. Екіншісі – 1966 жылы туған ер кісі.

Соңыра шабуыл жасағанда пошта мен бекеттің қалқасында өз туларын желбіретіп тұрып, бірнеше видеоүндеу жазған. Онда олар өздерінің «Русский добровольческий корпус»-тан екендерін мәлімдеген. Ал «Орыс еріктілер корпусының» басым бөлігі бұрынғы «Азов» полкының жауынгерлері мен Украина жерінде Ресейге қарсы соғысушы орыс ұлтшылдарынан құралған. Видео мен фотоны әлеуметтік желіге орналастырған олар сосын Чернигов облысына қарай кеткен. ФСБ-ның мәліметі бойынша, Ресей ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қорғаныс министрлігінің қызметкерлері олардың соңдарына түскен.

ФСБ қызметкерлері Брянск облысына шабуыл жасағандардың видеожазбаларынан өздеріне таныс тұлғаларды тауып алыпты. Оның бірі – Денис Никитин (бұрын Капустин) 2017 жыллы Украинаға кеткен, Ресейде жекпе-жек төбелес ұйымдастырушы ретінде танылыпты, тағы бірі – әртіс Кирилл Канахин, үшіншісі – 2017 жылы Ярославль облысынан Украинаға кетіп, Донбастағы оқиғаларға белсене араласқан Освальж Лемох есімді жігітке ұқсайды екен.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button