Қордайдағы оқиғаға басты түрткі болғандар қамалды
АСТАНА. 19 ақпан. Қордайдағы оқиғаға түрткі басты азаматтар ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы «Закон.кз» хабарлады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев қазіргі таңда Қордай аймағында болған оқиғаларға қатысты әлі тергеу жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жалпы, осы оқиғаға байланысты 90 қылмыстық іс қозғалған.
Марат Қожаев тергеудің қашан аяқталуына қатысты жауап бере алмайтынын жеткізді. Тұтқындардың да нақты санын айта алмайды.
«Мұндай мәлімет жақында беріледі. Қордайда жаппай тергеу жүріп жатыр, оны прокурорлар басқарған ведомствоаралық жедел топ қолға алды. Ауқымды жұмыс атқарылуда, өйткені оқиға көлемді… Кем дегенде, полиция қызметкерлеріне бағынбай, жанжал тудырған үш адам ұсталды, іс сотқа жіберілді. Осы оқиғаға тағы бір себеп – қарт адамды ұрып-соғу жайы, оған қатыстылар да анықталып, ұсталып, қамауға алынды. Ал басқа арандатушылар, араға іріткі салушылар туралы сәл кейінірек ақпарат аласыздар, өйткені қазір тергеу жүріп жатыр. Іс жүргізуде дәлелдемелерді шоғырландыру деген бар. Таяу уақытта кім және қандай құқық бұзушылыққа жол берді, одан хабардар ететін боламыз», – деп сендірді Қожаев.
Министрдің орынбасары құқық қорғау органдары тұтқындалғандар туралы ақпаратты жасырмайтынын, бірақ соттың қанша адамды қамауға бұйырғаны туралы ақпарат бере алмайтынын білдірді.
«Мен бұл ақпаратты дәл қазір бере алмаймын. Біз оны жасырып отырған жоқпыз, қажет әрі дайын болған кезде барлық ақпарат беріледі. Қылмыстық істер көп, күн сайын үсті-үстіне қосылып жатыр. 11 кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жақсы білесіздер, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты, ұрлық, тонау, қарақшылық туралы қылмыстық істер бар, бұл – әртүрлі эпизодтар бойынша 90-ға жуық қылмыстық іс», – деді ол.
Оның айтуынша, қамауға алынғандар арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоқ.