КСРО-ны аңсайтын ресейліктер саны рекордтық көрсеткішке жетті
МӘСКЕУ. 18 қаңтар. КСРО-ның қайта орнауына деген сағыныштарын баса алмай жүрген орыстардың үлесі соңғы 20 жылдағы ең жоғары шыңына шықты. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
«Сталинизм мен байырғы империялық қуатты идеал етіп көрсететін мемлекеттік насихаттың шылауына шырмалған Ресей қоғамы Кеңес Одағын жүректері сыздай отырып аңсауды жалғастырып келеді. РФ-да КСРО-ның тарап кеткеніне өкініш білдіретін азаматтардың үлесі 2022 жылғы желтоқсанда 63 пайызға дейін жетті», – делінген хабарламада. «Общественное мнение» қоры жүргізген сауалдама, өтірік-расын кім білсін, тап осындай нәтиже беріпті. Бұл – соңғы 20 жылдағы бұл мәселе тарапындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
2011 жылдан бері Одақтың «өлгеніне» өкініш білдіретіндер саны осылайша 12 пайызға өсіп кеткен. Ал 2001 жылы КСРО үшін «еңірегенде етектері толып отырған» орыстардың мөлшері 76 пайыз болса, содан екі жыл бұрын, яғни 1999 жылы бұл деңгей бәрінен де жоғары – 85 пайызға барып тірелген.
Сол сияқты Одақтың тарағанына өкінбейтіндер де едәуір. Олардың қатары соңғы 16 жылда оншалықты көп ауытқып, өзгере қоймаған. Айталық, бұл жөніндегі көрсеткіш 2014 жылы 25 пайыз болса, 2006 жылы 26 пайыз болған еді. Ал 2022 жылы мен осы қазір 22 пайыздың деңгейде тұр.
Өткен өмірді аңсаушылық білдіргендердің көпшілігі оны КСРО-дағы тұрмыс жағдайымен емес, сол кез туралы жадтарында қалған жақсы естеліктермен байланыстырады. Олардың 16 пайызы «кеңес кезеңі өздерінің жастық дәурені» екенін алға тартса, 11 пайызы «алаңсыз да тұрақты өмір» болғанын көбірек қаузайды, 7 пайызы мұны «жұмысқа» қатыстырса, 6 пайызы «халықтар бірлігі мен достығы» үшін құрметтейтінін жеткізген.