Украина әскерлері Херсон облысында 500-ге жуық басқыншыны жойды
КИЕВ. 3 қаңтар. Украина Қарулы күштері Херсон облысының Чулаковка селосында 500-ге таяу ресейлік оккупантты жер жастандырды. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы 3 қаңтар күні таңертең осындай ақпар таратты. Соққының 31 желтоқсанда, Жаңа жылдың қарсаңында берілгені де айтылып жатыр. Әзірге Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға байланысты ешқандай түсіндірме берген жоқ. HIMARS-пен дәл көзделіп атылған снарядтар 500-ге жуық басқыншыны жантәсілім еткен.
Осы күні түнде сондай-ақ Донецк облысының Макеевка қаласындағы №19 ПТУ ғимаратына да HIMARS дүркін ракеталы жүйесімен соққы берілген болатын. Мұнда жақында ғана мобилизациямен әскерге алынған солдаттар казармасы орналасқан. Олардың көбі сол жатқан орындарынан тұра алмай қалды.
Соққылардың дәл тиюіне «ұялы телефондардың жоғары белсенділігі» себеп болғанға ұқсайды. «Алдын ала болжам бойынша, HIMARS снарядтарының нысанаға дәл тиюуіне әскери қызметкерлердің ұялы телефонды белсене пайдаланғандары себеп болған. Жау ECHELON барлау кешенінің көмегімен ұялы байланыстың белсенділігі мен абоненттердің орналасқан жерін дәл анықтай алған», – деп жазды ТАСС өз мәнбесіне сүйене отырып.
Снарядтар түскен ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнда ол мезетте 600 адам болған. Олардың дені Саратов және Самара облыстарынан келгендер болып шықты. 3 қаңтар күні таңертең Самара мен Тольяттиде, Самара облысының қалаларында қаза тапқан жауынгерлерді аза тұту шерулері өткен.