Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Криштиану Роналду Мадридте «Реалдың» базасында жаттығып жүр

МАДРИД. 14 желтоқсан. Әйгілі португал футболшысы Криштиану Роналдудың қазіргі күндері Мадридтің «Реалы» базасында жаттығып жүргені белгілі болды. Бұл туралы «Чемпионат. ру» хабарлады.

Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының ширек финалында жарыс жолынан шығып қалған Португалия құрамасымен бірге елге қайтқан Криштиану уақытты босқа өткізе бермеуге шешім қабылдаған сияқты.

«Ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командасының бұрынғы форварды, Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду Мадридтің «Реалы» базасында жаттыға бастады. Атап өтейік, ол «сары майлар» сапында 2009-2018 жылдары өнер көрсеткен болатын. Қазір оның клубы жоқ», – делінген хабарламада.

Мәнбе ақпарына қарағанда, Криштиану испан клубы алаңдарының бірінде өзінің спорттық бабын сақтап қалу үшін жаттығып жатыр екен. Ал «Король клубының» негізгі құрамы басқа базада жаттығып жүргенге ұқсайды.

Бұдан бұрын Роналду британиялық журналист Прис Морганға берген сұхбатында «Манчестер Юнайтедтің» бас жаттықтырушысы Эрик тен Хагтың нашар жағын, командадағы ахуалдың олқы тұстарын атап көрсетем деп, үлкен дау-жанжалға ұрынған еді. Шамасы, оның ащы сын-ескертпесі клуб басшылығының шымбайына қатты тиіп кетсе керек. Осыдан кейін команда қожайындары онымен келісімшарттың бұзылғанын жариялады.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button