Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек елдері түрік алфавитіне көшеді

БУРСА. 21 қазан. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан түркі алфавитіне көшу жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Ол түріктің Бурса қаласында Түркі Мемлекеттері Ұйымының мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің ғалымдары біртұтас әліпбиге көшуге арналған семинары шеңберінде ұйымдастырылды.

Агенттік атап өткендей, семинарда осы мәселені жан-жақты талқылап, бір шешімге келетін айрықша комиссия құрылған. Жиында түркі мемлекеттерінің оқымыстылары өз елдеріндегі әліпбилер түзілуі мен тілдер тарихына қатысты ақпарларды ортаға салды.

Комиссияға әрбір ресми органнан түркі мемлекеттерінің тіл саясатымен шұғылданып жүрген екі ғалымнан мүше болып кірді. Біртұтас алфавит жасау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы Қырғызстанда өтеді. Осыдан кейін мамандар ТМҰ-ның ақсақалдар кеңесіне біртұтас әліпби туралы баяндама ұсынады. Олардың бәрінің нақты мерзімі енді белгіленеді.

Түркі Мемлекеттері Ұйымы 2009 жылы құрылды. 2021 жылдың 12 қарашасына дейін ол «Түркі тілді мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі» болып аталып келді. Оның мақсаты түркі тілдес мемлекеттердің саясат, экономика, ғылым, білім, көлік және туризм салаларындағы ынтымақтастығының ауқымын кеңейту болып табылады. Ұйым жұмысына оның жоғарыда аталған бес тұрақты мүшесінен бөлек, бақылаушы мемлекеттер ретінде Венгрия мен Түрікменстан қатысып тұрады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button