Украина: Лиман ресейлік оккупанттардан толығымен босатылды
КИЕВ. 2 қазан. Украина Қарулы күштері Донецк облысындағы Лиман қаласын ресейлік оккупанттардың шеңгелінен босатты. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина президенті офисі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенконың Telegram-да жариялаған видеосында әскери қызметкерлердің Лимандағы әкімшілік ғимаратына ту іліп жатқаны көрінеді.
Ондағы әскерилердің бірі: «Бүгін Украина Қарулы күштері, соның ішінде 81-ші жеке аэромобиль десант бригадасы Украина Ұлттық гвардиясының бөлімшелерімен, Кульчицкийдің батальонымен бірге Донецк облысының Лиман елді мекенін босатып, өз бақылауына алды», – деді.
Украин әскерлері Лиманға сенбі күні кешке келіп кірді.
Ресей қорғаныс министрлігі сол сәтте өз әскерлерінің тактикалық себептермен Лиманды тастап бара жатқанын мәлімдеді..
Кеше кешке Украина президенті Володимир Зеленский өзінің видеоүндеуінде РФ «референдум» өткізген Лиманның қайтарылып алынғанын, енді осы қарқынның басылмайтынын айтты.
Луганск облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Лиманнан Луганск облысын оккупациядан босату басталатынын баяндады.
Жау әскерлері Лиманда өте көп шығынға ұшырады. Олардың ішінде қолға түскен тұтқындар да аз емес.
Бұған дейін Соғысты зерттеу институтының (ISW аналитиктері украин әскерлері Лиманды алдағы 72 сағаттың ішінде толық қайтаратынын мәлімдеп еді. Көк ұлдар бұл межені одан да көп уақыт бұрын жүзеге асырды.