Моңғолия қашқын ресейліктердің елде тұруларына рұқсат берді
УЛАН-БАТОР. 1 қазан. Моңғолия тұруға рұқсатнама сұраған барлық ресейліктердің өтініштерін орындауға дайын екенін білдірді. Бұл туралы The Moskow Times хабарлады.
Моңғолия иммиграциялық қызметінің басшысы Нэргуйн Ууганбаяр ханым осының жайын айтып берді.
«Ресей Федерациясының азаматтары Моңғолияда белгілі бір уақытқа дейін тұруға рұқсат сұрап, өтініш айтады. Осыған байланысты тұруға өтініш білдіріп, өтініш жазғандардың бәріне сондай мүмкіндік беру жөнінде шешім қабылданды», – деді ол.
Ууганбаярдың айтуынша, Моңғолияда уақытша тұрудың 56 түрлі дәрежесі бар. Бірақ ол РФ азаматтарына осылардың қайсысы ұсынылатынын айтқан жоқ.
Моңғолия президент Владимир Путиннің «ішінара мобилизация» жариялау жайлы жарлығы шыққаннан кейін сол елден ағылып келіп жатқан қашқындарды белсене қабылдаушы мемлекеттердің қатарынан табылды. Республика билігінің мәліметі бойынша, 21 қыркүйектен бері шекараның «Алтанбулаг» (Алтынбұлақ) өткізу бекетінен ішкері қарай 6 268 РФ азаматы өткен, 748 адам өздерінің осындағы мерзімдерін созуға өтініш жасаған, тағы 1000-нан аса адам тұра тұруға рұқсат алудың жолдары жөнінде кеңес сұраған.
Моңғолияның бұрынғы президенті Цахиагийн Элбэгдорж бұдан алдын мобилизациядан қашқан буряттарға, тываларға және қалмақтарға пана беруді ұсынған болатын. Ол Ресейде тұратын басқа да аз санды халықтарды биліктің «Украинадағы соғыста «оқ тиетін ет» орнында пайдаланғалы отырғанын» айыптады. «Жүздеген адам хабар-ошарсыз кеткен. Мыңдаған адам өлтірілген. Біз, моңғолдар, сіздерді құшақ жая, ашық жүрекпен қарсы алатын боламыз», – деп атап өтті Элбэгдорж.
Бұрынғы президент сондай-ақ Путинді мағынасыз соғысты тоқтатуға шақырды. «Бейбіт күнді қайтарып әкелетін күн туды. Сіз соғысты бастағаннан кейін қорқыныш пен көз жасының теңізіне батып бара жатқан Ресейді көргенде, менің жүрегім тілім-тілім болып, қан жылайды. Сіздің мобилизацияңыз азап шегудің мұхитын әкелді», – дегенді айтты сосын Элбэгдорж.
Ресейде жұмылдыру жарияланғаннан кейін елді кемінде 200 мың адам тастап кетті. Олардың басым бөлігі Қазақстанға (98 мың), Грузияға (53 мың) және Финляндияға (43 мың) барды. Еуропа шекара және жағалау күзеті агенттігінің мәліметінше, 19-25 қыркүйек аралығында Еуроодақ елдеріне 66 мың ресейлік аттанған.