Қазақстан Ұлттар лигасындағы өз тобында бірінші орын алды
АСТАНА. 22 қыркүйек. Бүгін елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде футболдан Қазақстан құрамасы Беларусь командасын 2:1 етіп ұтып, топты мерзімінен бұрын бірінші орынмен аяқтады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Матч екі жақтың алма-кезек шабуылымен өтті. Дегенмен, қақпа алдында қауіпті сәт жасаудан қазақ футболшылары алда болды. Ойында голды да олар бірінші болып соқты. Оны 29-минутта қақпаға қорғаушы Михаил Габышев түсірді. Қонақтар таразы басын 45-минутта Павел Савицкийдің стандартты жағдайда берілген допты баспен ұрып салу арқылы теңестірді.
Екінші тайм түгелдей дерлік алаң иелерінің басымдығымен өтті. Олар қарсыластар қақпасын ұдайы қарауылға алумен болды. Сондай қарбалас сәттердің бірінде, 45-минутта шабуылшы Абат Айымбетовтің айып алаңы сызығы маңында берген пасын форвард Бахтиер Зайнутдинов тиімді пайдаланып, өз командасын алға шығарды.
Осылайша Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жерлестеріміз бұл ұтысы арқылы екі бірдей тарихи оқиғаға қол жеткізді. Біріншісі – Ұлттық лигада бірінші рет өз тобында бірінші орын алып, келесі лигаға өту үшін талпыныс жасау құрметіне ие болды. Екіншіден, Беларусь құрамасын тәуелсіздік жылдарында бірінші рет тізе бүктірді.
№ | Командалар | О | Ұ | Т | Ж | Доп | Ұп |
1 | Қазақстан | 5 | 4 | 1 | 0 | 8 – 3 = + 5 | 13 |
2 | Словакия | 4 | 2 | 0 | 2 | 3 – 3 = 0 | 6 |
3 | Әзербайжан | 4 | 1 | 1 | 2 | 2 – 3 = – 1 | 4 |
4 | Беларусь | 5 | 0 | 2 | 3 | 2 – 6 = – 4 | 2 |
Бүгін түнде Бакуде Әзербайжан – Словакия құрамалары кездеседі.
Қыркүйектің 25-інде Қазақстан құрамасы сырт алаңда әзербайжандармен ұшырасады. Сонымен, Ұлттар лигасының кезекті маусымы аяқталады.