Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Түменде қазақ сыныбы ашылды

ТҮМЕН. 19 қаңтар. Ресейдің Түмен облысындағы Голышманово кентінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқи бастады. Бұл туралы Sputnik хабарлады.

Осылайша облыста үшінші қазақ сыныбы ашылып отыр. Оның бірінші ашылу сабағына қырық оқушы, олардың ата-аналары, аталары мен әжелері келіп қатысты.

Қазақ тілінің сыныбы Голышманово кентіндегі №4 мектептің базасында ашылды. Бұл оқиға мектепте нағыз мерекеге айналды: балалар мен ересектер оған ұлттық киімдер киіп келді, ән салып, би биледі, шашу шашты.

Идеяны қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы ұсынды. Оны Голышман қалалық округінің басшысы Александр Ледаков қолдады.

«Бірінші ашық сабаққа 40 оқушы, сондай-ақ ата-аналар, аталар мен әжелер келді. Сыныпқа оқушылар алу жалғаса береді. Село мен деревняларда да тіл үйренуге тілек білдірушілер бар», деп ойымен бөлісті Түмен облысы қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев.

Ол кенттегі қазақтардың өз салт-дәстүрлерін берік ұстанатындарын атап өтті.

«Бұдан көп жыл бұрын Түмен облысы қазақтарының бірінші құрылтайы өткен еді. Бүгінде автономияның Дүйсенбай-аға Бекужинов басқаратын жергілікті бөлімшесі ұлттық-мәдени жобаларды жүзеге асырып жатыр», – дегенді қосты Ибраев.

Айтуынша, енді Ишим қаласында тіл сыныбын ашу жоспарланып отыр.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің дерегі бойынша, Голышман ауданында екі мыңнан астам қазақ тұрады.

Өткен жылғы қазан айында Түмен облысының Упорово селосында жаңа қазақ сыныбында оқушылар үшін бірінші қоңырау соғылған еді.

Қазақ тілі сабақтарын кәсіби оқытушылар береді. Мұндай сыныптарда қазақ тілі, әдебиеті мен мәдениеті факультативті тәсілмен үйретіледі.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button