Литва Калининград транзиті блокадасын одан бетер күшейтті
ВИЛЬНЮС. 12 шілде. Брюссельде Еуропа одағының шенеуніктері Калининградқа жүк жеткізуге рұқсат ету үшін Ресейге қарсы санкциялық режимді өзгерту жайлы мәселе талқылап жатқанда, Литва оны бұрынғыдан бетер күшейтіп жіберді. Бұл туралы Times Moskow News хабарлады.
Литваның анклавқа жібермейтін тауарлары арасына 11 шілдеден бастап цемент пен спирт кірді. Ал 10 тамызда тыйым салынған тауарлар қатарына көмір мен қатты пайдалы қазбалар, 5 желтоқсанда ЕО шешімімен кезең-кезеңімен қосу шеңберіндегі тыйымға жататын мұнай және мұнай өнімдері осы тыйым қатарына қосылады.
Литва 17 маусымнан құрылыс жүктері мен металдардың теміржолмен Калининградқа жіберілу жолын кескен болатын. Бұл Мәскеуді жынын шашқан бурадай етті. Сол бойда бұл елге басып кіруге шақырған Мемлекеттік дума депутаттары да болды.
Қазір Ресей Еуропа комиссиясымен және Литвамен келіссөз жүргізуді жалғастырып жатыр.