Ең алғашқы қазақ қызы ҰХЛ-да ойнайды
Хоккейден Қазақстанның әйелдер арасындағы құрама командасының 26 жасар шабуылшысы Бұлбұл Қартаңбаева Американың «Метрополитен Риветерс» командасының құрамында ойнайтын болды. Бұл туралы Қазақстан Хоккей федерациясының мәліметіне сүйенген Nur.kz хабарлады.
Осылайша Бұлбұл отандық хоккей тарихында әйелдер Ұлттық хоккей лигасында ойнайтын бірінші хоккейші болып отыр. Ол баратын команда Нью-Джерси штатындағы Монмут Джанкшен қаласының намысын қорғайды
Клубтың бас менеджерінің айтуынша, қазақ қызы өзінің шеберлігі мен жоғары энтузиазмінің арқасында мұнда бағалы ойыншы болғалы тұр.
Бұлбұлдың өзі көптен бергі арманының жүзеге асатын болғанын айтады.
«Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген топ-ойыншылар жиналған NWHL-да сайысатын уақыт келді», – деп атап көрсетті ол.
Бұлбұл Қазақстан құрамасы сапында 8 жылдан бері ойнап келеді.