Тайжан: Қаңтар оқиғасын Назарбаевтың әулеті ұйымдастырды
АСТАНА. 30 мамыр. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан қаңтарда болған қанды қырғынды бұрынғы президент Назарбаевтың туыстары ұйымдастырды деп есептейді. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Қоғам белсендісі берген сұхбатында қаңтар оқиғасы халықтың шынайы наразылығын білдіргенін айтып, ұйымдастырғандарды атады.
«Қаңтар оқиғасы халықтың шынайы наразылығын білдірді. Бірақ оқиғаның аяғын кландар пайдаланды. Алматының өзінде митинг бейбіт түрде болды, сосын ғана қару пайдаланылды. Қаңтар оқиғасын Назарбаевтың кланы (әулеті, туған-туыстары. – ред) ұйымдастырды. Өйткені, Кәрім Мәсімовтің өзі мұндай қадамға бармас еді, яғни қолдау болды», – деді Мұхтар Тайжан.
Ол сондай-ақ референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізуге болатынына сенеді..
«Референдум демократиялық Конституцияға 100 пайыз апаратын өзгерістер емес. Бірақ жүз пайыз болмаса да, 50 пайыз бар деп есептеймін. Сол үшін референдум қажет. Бұл референдум «Елбасы» статусын алып тастайды. Сосын парламентте тек партиялардың тізімімен депутат болмайды, мажоритарлық түрде жүреді. Конституциялық соттың шешімі президент үшін, Үкімет үшін, Мәжіліс үшін міндетті болады. Бізге мұндай өзгерістер қажет», – деді ол соңында.