«Азовстальде» екі күннен бері кескілескен ұрыс жүріп жатыр
КИЕВ. 5 мамыр. «Азов» әскери полкының командирі Денис Прокопенко украин патриоттарының «Азовсталь» зауытында жауға беріспей соғысып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Полк командирі өзінің бүгін жариялаған кезекті үндеуінде «Азовсталь» зауытының территориясына басып кірген ресейлік оккупанттармен екінші тәулік бойы тоқтаусыз ұрыс жүргенін баяндады.
«Міне, екінші күн болды, жау зауыт территориясына бұза-жарып кіргелі. Ауыр, қан төгісті шайқастар жүріп жатыр. Мен жаудың нөпірін ұстап тұруда адамның шамасынан да артық күш-жігер жұмсап жатқан өз солдаттарымды мақтан етемін. Мен Мариуполь гарнизонына орасан зор қолдау көрсетіп отырған бүкіл әлемге алғыс айтамын. Біздің жауынгерлеріміз мұндай қолдауға лайықты! Ахуал өте ауыр! Бірақ соған қарамастан, біз бұйрықты орындауды – қорғаныс ұстап тұруды жалғастырып жатырмыз», – деді Прокопенко.
Полк командирі Мариуполь гарнизонының қаланы 70 күннен бері қорғап тұрғанын еске салып өтті. Олар 25 сәуірден Азовсталь» металлургия комбинатының территориясында Ресей оккупантттарының қоршауында қалған.
Басқыншылар украин қорғаушылары тұрған территорияға басып кіруге бірнеше рет әрекет жасаған, соның бәрінде тойтарыс алған.
Ал «Азов» полкы командирінің орынбасары Святослав Паламарь әлгінде президент Владимир Зеленскийге үндеу арнап, жаралыларды алып кетуге әрекет жасауды сұрады. «Үшінші тәулікке қарап барады, жау «Азовсталь» территориясында шайқасып жатыр. Күші басым жауға 71 қорғанысшы сарбаз төтеп беруде», – деді ол.