Соғысудан бас тартқан РФ солдаттарын кадыровшылар атып тастады
КИЕВ. 20 сәуір.Запорожье облысының Пологовая ауданында ақшаға байланысты бүлік шығарып, соғысудан бас тартқан Ресей солдаттарын «кадыровшылар»» атып тастады. Бұл туралы Obozrevatel хабарлады.
Солдаттар бұған дейін уәде берілген ақшаны уақытылы ала қоймағасын, бұдан әрі соғысудан бас тартып, қаруларын тапсырып, үйлеріне қайтатындарын мәлімдеген. Сол кезде бүлікті басуға жіберілген «кадыровшылар» олардың үшеуін табанда атып тастаған.
Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің өкілі Иван Арефьевтің айтуынша, оқиға 19 сәуір күні орын алған. Оның жазбасы Telegram-да жарияланған.
«Алайда, Запорожье облысының территориясында Ресей армиясының елді мекендерді атқылауы тоқтамай тұр», – деп жазды Арефьев.
Бұдан бұрын Conflict Intelligence Team-ның негізін қалаушы Руслан Левиев Украинада соғыста болған контрактниктердің 40 пайызы украиндармен соғысудан бас тартқанын хабарлаған еді. Бас тартушылар Украинадан шығарылған әрбір құрылымда дерлік кездесіп қалып жатыр.
РФ президенті Владимир Путиннің амбициясы үшін соғыста қаза табуды қаламайтындар қатары барған сайын артып келеді.