Чехтар Ресей елшілігіне әртүрлі бұйымдарды әкеп тастады
ПРАГА. 15 сәуір. Чехия астанасында тұратын жұртшылық РФ елшілігі үйіне келіп, әртүрлі қоқыр-соқыр заттарды әкеп тастап жатыр. Бұл туралы Twitter әлеуметтік желісінде хабар тарады.
Прага тұрғындарының мұндағы ишарасы «Осыларды алып пайдаланыңдар, украиндардан ұрлағанды қойыңдар» дегенге саяды.
Ресей әскерилерінің мародерлігіне қарсы жасалған мұндай астарлы акция бұдан бұрын Лондонда да болып өткен еді.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының атап көрсетулерінше, «әлемнің екінші армиясының» солдаттары украиндар үйлерінен қолдарына түскен затты ұрлап алып кете беретін мародерлік қасиеттерімен танылып қалған. Олар тіпті, былай қарағанда, сырт адамды оншалықты қызықтыра қоймайтын сияқты болып көрінетін бұйымдарға дейін алып кете береді екен. Машина, телевизор, тігін машинасы, сумка, ноутбук, үтік, фен, айна, болттар мен гайкалар, балға мен балта… Ондай «қолды болған» нәрселер арасынан ер және әйел адамдардың ішкиімдеріне дейін шыққандары жұрттың бәрінің жағасын ұстатып жатыр.