«Бірінші арна» қызметкері тікелей эфирде Путинді айыптады (видео)
МӘСКЕУ. 15 наурыз. Ресейдің «Бірінші арна» телекомпаниясының қызметкері Марина Овсянникова арнаның тікелей эфирі кезінде Украинадағы соғысты айыптаған плакат көтеріп шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Кеше кешке тележүргізуші Екатерина Андреева тікелей эфирде «Время» бағдарламасын жүргізіп отырған кезде оның арт жағынан бір қыз пайда бола кетіп, қолына «Нет войне!» деген плакат ұстап тұрды. Онда сондай-ақ «NOTAR. Остановите войну. Не верьте пропаганде. Здесь вам врут» делінген сөздер жазылған.
Анықталған мәлімет бойынша, Путинді айыптаған плакат алып шыққан журналистің аты-жөні Марина Овсянникова екені белгілі болды.
Бұдан кейін Овсянникова өзінің жазбасымен шығып, Украинаға басқыншылық соғыс ашып отырған Владимир Путинді айыптайды. Бірақ кейін видеоның осы жері ютубтан алынып тасталғаны байқалды.
Ал бүгін Ресей бұқаралық ақпарат құралдары батыл журналистің қамауға алынғанын жариялап жатыр.
Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік журналиске алғыс айтты.
«Мен шындықты айтудан жалықпайтын ресейліктерге алғыс айтамын», – деді ол.