АҚШ Ресейден мұнай мен газ алдыруды тоқтатты
ВАШИНГТОН. 9 наурыз. АҚШ президенті Джо Байден кеше Америка халқына арнаған үндеуінде Ресейдің мұнайы мен газын сатып алуды тоқтатқандарын мәлімдеді. Бұл туралы «БелСат» хабарлады.
Ақ үй иесінің айтуынша, жаңа санкция Путиннің «соғыс машинасына» кезекті ауыр соққы болып тиюге тиіс.
Джо Байден осыған орай Путиннің жоқ жерден ілік тауып, соғыс бастап кеткенін еш ақтап алуға болмайтынын айтты.
«Біз Ресей мұнайының, газы мен энергиясының барлық импортына тыйым саламыз. Бұл, демек, Ресей энергия таратушылары бұдан кейін Америка порттарында болмайды деген сөз. Америка украин халқын қолдайды, сондықтан Путиннің соғысына субсидия бере алмайды», – деді Байден үндеу кезінде.
Құрама Штаттар президенті елдің мұндай шешімге еуропалық әріптестерімен ақылдаса отырып келгенін баяндады.
«Біз өзіміздің көптеген еуропалық одақтастарымыздың бұған қосыла алатындай жағдайда емес екенін түсіне тұрып, осындай тыйымға тоқтап отырмыз. Біз Еуропаның барлық елдерін қосқаннан да артық мұнай өндіреміз, іс жүзінде біз энергия экспортері болып табыламыз. Бірақ біз өзіміздің еуропалық одақтастарымызбен бірге Ресей энергия өндірушілеріне тәуелді болуды азайту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегия жасау жолында еңбек ететін боламыз», – деді АҚШ президенті.
Джо Байден тыйым салудың отын бағасының өсіп кетуіне алып баратынын, бірақ, өзінің ойынша, мұндай қадамның қажетті екенін ашып айтып, америкалық мұнай және газ компанияларын бағаны шектен тыс көтеріп жібермеуге шақырды.
Дүйсенбі АҚШ делегациясы Венесуэла президенті Николас Мадуромен мұнай сатып алу жөнінде алғашқы келіссөзді жүргізді. Оның барысында Боливар республикасының басшысы қажет болған жағдайда тәулігіне 3 млг тонна шикі мұнай өндіруге мүмкіндіктері бар екенін мәлімдеді.