«Нұр Отаннан» сайланған депутаттар партиядан шығып жатыр
СЕМЕЙ. 25 қаңтар. Кеше Семей қалалық мәслихатының депутаттығына «Нұр Отаннан» сайланған депутаттар топ болып партиядан шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов бүгін осы жайында Facebook әлеуметтік желісінде жазды. Ол халық қалаулыларының «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығып, депутаттық мандаттарын тапсырғандарын атап өтті.
Сондай депутаттардың бірі Дулат Қажмұхамбет өзінің неге мұндай қадамға барғанын түсіндіріпті. «Қаңтар қырғыны «Nur Otan»-ның партия ретінде өзін өзі толық әшкерелеп алғанын көрсетті, ал партия басшылығы қайғылы кездерде ешбір әрекетсіз отырды. Жұрт өтірік пен екіжүзділіктен әбден шаршады! Бүгін өз ауданымдағы бастауыш ұйымның жиналысын өткізіп, өзімнің партиядан шығу туралы шешім қабылдағанымнан хабардар еттім. Менің таңғалғаным, бастауыш партия ұйымының мүшелері менің бұл қадамымды дұрыс қабылдап, қолдап қана қоя салған жоқ, өздері де менің соңымнан еретіндерін мәлімдеді. Депутаттық институттан да көңілім қалды, өзім мүше болған партиядан да көңілім қалды, сосын бүгін партиядан шығып, депутаттық мандатымды тапсырдым», – деді ол.
Оның соңынан ұжымның мүшелері де осындай шешім қабылдап, партия қатарынан шығып кетті.