Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Адвокат полицияның шерушілерді азаптап жатқанын айтты

АЛМАТЫ. 22 қаңтар. Алматылық адвокат Шынқуат Байжанов оңтүстік мегаполисте бейбіт шеруге қатысушылардың ішкі істер бөлімдерінде аяусыз соққыға ұшырап жатқанындарын мәлімдеді. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

Агенттік тілшісіне ол уақытша оқшаулағыштарда орын алып жатқан жүгенсіздіктер жайын айтып берді.

«Бүгін Алматыдағы 18-ші оқшаулағышта екі жас жігіттің құқықтарын қорғау үшін бардым. Оларға қаңтар күндеріндегі оқиғаларға байланысты заңсыз жала жабылған. Дәлізде өз адвокаттарын күткен жастар тұрды. Бірі балдақ сүйенген ақсақ, бірі қарнынан жарақат алған, бірінің иығында, басында оқ бар», – деп жазды Байжанов әлеуметтік желіде. «Бұған қоса, біреуді тіпті мұнда зембілмен әкелді», – дегенді қосты ол.

«Осыларға қарап тұрғанда, жүрек ауырады, олардың көздеріне қарап тұрып, шарасыздықтан ерніңді тістейсің, бірақ сыртыңды бүтін көрсетіп, оларды «шыдаңдар, айналайындар, еңселерің түспесін, бәрі жақсы болады» деп жұбатып қоясың. Менің екі қорғалушым: «Ағай, бізді бірнеше күн бойы есімізден танғанша соққының астына алды, кіші дәретімізден қан ақты, бізді өзіміз істемеген тірліктерді мойнымызға алып жазуға мәжбүр етті, ал біз бейбіт шеруге қатысқаннан басқа ештеңе істеген жоқпыз, біздің басқа ешқандай кінәміз жоқ» деді. Мен оларды айғақсыз соттай алмайтындарына, ал заңсыз қағаз толтырудың ешқандай күші жоқтығына сендірдім. Әрине, мен олардың ақталып шығулары үшін бар күш-жігерімді саламын, бірақ сонда да…», – деп жазды Байжанов.

Еске сала кетейік, қаңтардағы қарсылық акциясына шыққандарды жаппай ұрып-соғу, азаптау мәселелері Еуропарламенттің арнайы қарар қабылдауына бірден-бір себеп болып отыр. Онда Қазақстан полицейлерінің жүгенсіз тергеу әрекеттеріне қатаң баға беріліп, ел билігін мына бейбастақтықтарды тоқтауға шақыру орын алған. Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған алдын ала қаралау сипаты бар деді де қойды. Дегенмен, полицейлердің қолға түскендерді жаппай соққыға жығып жатқандары жөніндегі үрейлі де ашулы ақпараттар мен видеожазбалардың келіп түсіп жатқанын жазады агенттік.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button