Алматыда тәртіпсіздік кезінде қару таратқан күдіктілер ұсталды
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде алаңдағыларға қару-жарақ таратты деген күдікке іліккендер қамауға алынды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Қала полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолға түскендер 19-20 жастағы жігіттер болып шықты.
«Күдіктілердің жаппай тәртіпсіздік кезінде қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, оларды Республика алаңына жиналғандарға таратып бергені анықталды. Күдіктілердің кімдер екендерін криминалды полиция басқармасының қызметкерлері жедел шаралар барысында анықтады. Олар қаладағы рыноктардың бірінің территориясында қолға түсті. Қазіргі таңда бәрі құлып астына алынған. Біз олардың басқа да қылмыстарға қаншалықты қатыстары барларын міндетті түрде анықтайтын боламыз», – деді Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Құқық қорғаушылардың мәліметтері бойынша, қайғылы оқиғалар кезінде тәртіпсіздікке қатысушылардың қару-жарақ таратып жатқандары камера объективіне түсіп қалған. Кейін бұл видео әлеуметтік желілерге тарап кетті.
«Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізге мұны жасауды мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлап әкелген қарулардың жартысын солар алып кетті, автоматтарын әуеге сермеді. Мен ақ Lexus-тің рулінде отырдым», – деді күдіктінің бірі.