Новосібір казактары Қазақстанмен шекараны күзетуге қойылды
НОВОСІБІР. 14 қаңтар. Ресейдің Новосібір жерінің казактары Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекараны күзетуге жіберілді. Бұл туралы «Национальный акцент» хабарлады.
«ФСБ-ның Новосібір облыстық шекаралық басқармасында мемлекеттік шекараны күзетуге жергілікті казактар да тартылып жатыр. Казачество уәкілдері келе сала шекара режимін бұзған үш адамды ұстап алды», – делінген хабарламада.
Бұл дүрбелеңнің бәрі Қазақстанда болып өткен қақтығыстар мен жаппай тәртіпсіздік салдарынан туды. Сол кезде казактар құрамымен шекараны күзетуді нығайту идеясы туындады.
«Казактармен мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетудің, әскери топографияның, шекара күзетінің техникалық құралдары, әскери-медициналық дайындық негіздері бойынша сабақ өткізілді», – деді ФСБ-ның Новосібір облыстық шекаралық басқармасының баспасөз қызметі.
Казактар қызметке кірісер алдында әскери-далалық жиынға қатысып, сынақ тапсырған.
Мұндай тәжірибе біраз жылдардан бері Волгоград облысының Қазақстанмен шекарасында да қолданылып келеді.