«Талибан» өзінің басты әріптесі ретінде Қытайды атады
КАБУЛ. 4 қыркүйек. Ауғанстан билігін басып алған «Талибан» қозғалысы Қытайды өзінің ең басты шетелдік әріптесі санайды. Бұл туралы «Интерфакс» хабарлады.
Ұйымның өкілі Забиулла Муджахид журналистермен кездесуде осыған тоқталды.
«Қытай бізге іргелі және бұлтартпас мүмкіндік бергелі отыр. Себебі, ол біздің елімізге инвестиция әкелетін болады», – деді тәліптердің баспасөз хатшысы. Оның айтуынша, ҚХР сондай-ақ содырларға Ауғанстандағы соғыс толық біткесін елді қайта құрып беруге көмек көрсетпекші.
Лаңкес Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» деген экономикалық жобасына оң баға берді. Бейжің осылайша «Жібек жолын» қайта жаңғыртқалы отыр.
Муджахид тәліптердің Ауғанстанның тау-кен өнеркәсібін қалпына келтіруде Бейжіңнің жәрдеміне сүйенетіндерін де жасырмады. Ол Ауғанстанның мыс кендерінің «қытайлықтардың арқасында іске қосылып, жаңғырту жолынан өтетініне» арнайы тоқталды. Сөзінің қорытындысында Муджахид Қытай Ауғанстанның «әлемнің барлық рыноктарына» апаратын рұқсат қағазы болатынын атап өтті.
«Талибан» жетекшілері бұдан бұрын болашақта Қытаймен әріптестік қарым-қатынас орнату, сондай-ақ елді қалпына келтіру үдерісіне Түркияны қосу ойларында бар екенін айтқан еді. Тәліптер денсаулық сақтау, білім, экономика, құрылыс және энергетика секілді бірқатар салаларды дамытуға Анкарадан жәрдем алғылары келетіндерін де сызып көрсетті.