Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі болып тағайындалды
АСТАНА. 31 тамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен генерал-лейтенант Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Бектанов Мұрат Кәрібайұлы 1965 жылы 18 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы, Соколов ауданында туған. Бұған дейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер бас штабының бастығы болып қызмет атқарған. Аталмыш қызметке 2019 жылғы 5 сәуірде тағайындалған. Ал 2020 жылғы 6 мамырда Президент жарлығымен оған генерал-лейтенант атағы берілген.
Мұрат Бектанов 1988 жылы Киев жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері әскери академиясын, 2007 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштері бас штабы әскери академиясын бітірген.
Мемлекет басшысы 31 тамызда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты отставкаға жіберді. Бұған Тараз қаласының түбіндегі әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыс пен өрт оқиғасы тікелей әсер етті. Мұндай оқыс оқиға осы министрдің тұсында бұдан екі жылдан астам уақыт бұрын Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасын да талқандап кеткен еді.
Соңғы апаттан соң ведомство басшысын жауапқа тарту жөнінде талап еткен жұртшылықтың әрекеттерін экс-министр «надандық» деп бағалады. Бірінші жарылыс кезінде 12 адам апат опат болса, бұл жолы әзірге 15 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Тағы 98 адам ауыр халде ауруханаларда ем алуда. Бір адам табылмай жатыр.
Қазір трагедияның шығу себептері жан-жақты зерттелу үстінде.
Республика әскери ведомствосы басшылығына әскери білімі бар, осы жолдан өткен, бүкіл өмірін әскери салаға арнаған маман келді.