Мундиал кезінде ұрланған асыл тастар табылды
ЯКУТСК. 22 мамыр. Татарстан полициясы бұдан үш жыл бұрын Қазанда қолды болған гауһар тастар мен зергерлік бұйымдарды тапты. Бұл туралы News.ykt.ru хабарлады.
«Тәртіп сақшылары 2018 жылғы әлем чемпионаты кезінде колумбиялық азамат Қазан қаласында ұрлаған 160 миллион рубльдің сахалық гауһарлары мен әшекей бұйымдарын орман ішінен тапты», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2018 жылғы шілдеде Қазан жәрмеңкесі территориясында қайта тиеліп жатқан кезде «Seven Diamonds. Якутские бриллианты» компаниясының асыл тастары салынған шабадан аяқ астынан үшті-күйлі жоғалып кеткен еді. Бірақ оның ұрланғаны тек аэропортта ғана белгілі болады…
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ықтимал қаскөйдің тұлғасын тез анықтады. Ол Колумбия мемлекетінің азаматы Эдгар Алехандро Валеро Валеро болып шықты. Оған сол бойда халықаралық іздеу жарияланды. Күдікті тек 2019 жылы қыркүйек айында Аргентина жерінде жүрген жерінде қолға түсті. Ол 2021 жылғы наурызда Ресейге, сәуірде Татарстанға арнайы этаппен жеткізілді.
Колумбиялық азамат өзінің асыл тастарды ұрлағанын, оларды Қазандағы аудандардың бірінің орман алаңқайларына көміп тастағанын мойындады. Бірақ құпия көмбе жатқан жерді дәл тауып бере алмады. Сондықтан полицейлерге біраз аумақты қазуға тура келді. Дегенмен, әшекейлер салынған төрт қапшық табылды.