«Қырғызстан Канадаға қарсы соғыс жариялады». Дау Құмтөрден шықты
БІШКЕК. 15 мамыр. Ресейдің бірқатар БАҚ-тары кеше тап осындай бастақырыппен оқырман қауымға тарады. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
«Бішкек пен Оттава Құмтөрдің алтыны үшін ұстасып қалды. Бірақ америкалықтар қырғыздардың қырғи-қабақ бола кетуінде Мәскеудің әсері бар екенін емеурінмен білдіріп отыр», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты Канаданың Centerra Gold компаниясы арнайы мәлімдеме жасап, онда: «Қырғызстан Республикасындағы бірқатар құқықтық және саяси оқиғалар Құмтөр кенішіндегі Centerra компаниясының меншік құқығына ықпал етуі мүмкін екені белгілі болды», – деп атап көрсетті.
Компания ахуалды Бішкек Қырғызстанның Ыстықкөл облысында биік тау басына орналасқан Орталық Азиядағы аса ірі алтын кен орнын рейдерлік жолмен басып алуды жүзеге асырғандай етіп көрсетуде. Атап айтқанда, Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті) депутаты Дастан Бекешев не болғанын былай атап өтті: «Бүгін заң жобасын алып кеп тіркедік, сұрау салу жолымен комитет шешіміне қол қойдық және отырыстың үш оқылымында қабылдадық. Оның барысында тағы түзетіп, өзгертіп, дұрыстадық. Бұл – Құмтөрді сыртта басқару жөніндегі заң жобасы. Заң жобасын ешкім де оқыған жоқ. Маған бір вариантты беріпті, ал қабылданғаны басқа вариант болып шықты».
Байқалуынша, Қырғызстаның жаңа президенті Садыр Жапаровтың бастамасынсыз мұндайдың бола қоюы екіталай. Айтқандай, ол 2020 жылғы қазанда болған жаппай нарызылықтардан кейінгі сайлау алды науқанда сөйлеген сөзінде ашықтан-ашық ұлттық позицияны көрсетіп еді.
Қазір солтүстікамерикалықтар Жогорку кенеш мақұлдаған заң жобасына қол қоймауды талап етіп, Жапаровқа қысым жасап жатыр. Торонтода тіркелген Centerra Gold компаниясы «өте дәмді актив» үшін қолынан келгенінше ақырына дейін күресіп бағатынын көрсетті. Ал таласқа түскен өнде жылына жарты миллиард доллардан астам таза табыс тұр.